Қоғам

Астанада LRT желісін электр пойыздарымен толықтыру жоспары талқыланып жатыр

Сурет: ашық дереккөз

Астанада LRT желісін қалалық электр пойыздарымен толықтыру жоспары талқыланып жатыр. Жаңа бағыт іске қосылса, елорданың бірқатар ауданына кептеліссіз қатынауға мүмкіндік туады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Астаналық блогер Ерлан Сәкеновтің айтуынша, жаңа және ескі теміржол вокзалдарын байланыстыратын электр пойызын іске қосу жоспарланып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, бағытта төрт аялдама болады.

Бағыт бойынша әрқайсысы шамамен 500 жолаушыға арналған бес электр пойызы қатынауы мүмкін. Жоба жүзеге асса, жолаушылар жаңа вокзалда LRT-ден электр пойызына ауысып, қаланың бірнеше ауданына кептеліссіз жете алады.

Блогер болашақта бағытты қала маңындағы Мичурино, Жібек жолы, Агрогородок және Талапкер елді мекендеріне дейін ұзартқан жөн екенін атап өтті.

Әлеуметтік желідегі пікірлерде елорда тұрғындары жобаға оң көзқарас білдіргенімен, электр пойызының басқа бағыттарға да қатынағанын қалайтындарын жазған.

Қалалық электр пойыздары үшін қолданыстағы теміржол жолдарын пайдалану жоспарланып отыр.

Астана қаласының әкімдігі әзірге бұл жоба туралы ресми ақпарат таратқан жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада LRT желісін Қосшыға дейін ұзарту жұмыстары басталғанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар