Қаржы

Астанада клиника директоры МӘМС қаржысын жымқырғаны үшін 5 жылға сотталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанадағы Forte Clinic (Tumar) жеке клиникасының басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 79 миллион теңгеден астам қаражатын жымқырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бюджет қаражатын заңсыз алу үшін ол емханаға тіркелген пациенттер санын жалған түрде көбейткен. Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері заңсыз өтінімдердің мақұлдануына көмектескен.

Тергеу барысында клиникаға 15 мыңнан астам адамның заңсыз тіркелгені анықталды. Олардың қатарында басқа өңірлердің тұрғындары, қажетті құжаттары жоқ кәмелетке толмағандар, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге шығып кеткен азаматтар болған.

Клиника басшысы DamuMed жүйесіндегі дәрігерлердің аккаунттарына заңсыз қол жеткізіп, көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізіп отырған. Осылайша МӘМС қорынан қаржы алып келген.

Сот Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкерін үш жылға бас бостандығынан айырды. Мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде өтелген. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Көп оқылғандар