Сурет: ЖИ көмегімен жасалды
Жыл басынан бері Қазақстанда пойыздардың әйнегін таспен немесе басқа заттармен сындырудың 44 дерегі анықталды. Көлік полициясы мұндай оқиғалар жиі тіркелетін станцияларды атады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Полицияның мәліметінше, әйнек зақымдау жағдайлары көбінесе Алматы, Шымкент, Қарағанды және Шу станцияларының маңында болады. Анықталған құқық бұзушылықтардың көпшілігін кәмелетке толмағандар жасаған.
Соңғы оқиғалардың бірі Талас – Тараз бағытындағы аралықта орын алды. Белгісіз адам электровоздың бүйір әйнегіне тас лақтырып, оны сындырған. Тараз станциясындағы көлік полициясы күдіктіні анықтап, ұстады. Ол 19 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Жас жігіт бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін жауапқа тартылды.
Көлік полициясы қозғалып келе жатқан пойызға тас немесе кез келген басқа зат лақтыруға қатаң тыйым салынатынын ескертті. Мұндай әрекет машинистер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Бұған дейін 2025 жылдың күзінде Ельтай станциясында Көкшетау – Нұрлы Жол бағытындағы электр пойызы қозғалар сәтте 22 жастағы қыз машинист кабинасына тас лақтырған. Ол пойызға кешігіп қалған. Соның салдарынан алдыңғы әйнек сынған.
Сот қызға 35 АЕК, яғни 137 мың теңге айыппұл салған. Алайда студент екені және материалдық жағдайы ескеріліп, айыппұл көлемі 30%-ға азайтылған.
Еске салайық, бұған дейін жыл басынан бері 350 жолаушы тәртіп бұзғаны үшін пойыздан түсірілгенін хабарлаған едік.
Мазмұнға өту
