Сурет: Қайрат ФК
Бүгін Алматының «Қайрат» клубы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізеді. Қазақстан чемпионы өз алаңында бельгиялық «Андерлехтті» қабылдайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алматыдағы Орталық стадионда өтетін кездесу сағат 20:00-де басталады. Ойынды «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
«Қайрат» биылғы еурокубок жолын Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастады. Алғашқы раундта алматылықтар Черногорияның «Сутьескасын» екі матчтың қорытындысы бойынша 4:1 есебімен жеңді. Екінші кезеңде Кипрдің «Омониясын» негізгі және қосымша уақыт қорытындысында жеңе алмағанымен, пенальти сериясында 6:5 есебімен басым түсті.
Үшінші раундта Рафаэль Уразбахтин шәкірттері Болгарияның «Левски» командасына екі кездесуде де 1:0 есебімен жол беріп, Чемпиондар лигасынан шығып қалды. Осыдан кейін команда Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.
«Андерлехт» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп келеді. Бельгиялық клуб екінші раундта Швецияның «Хаммарбю» командасын екі матчтың қорытындысы бойынша 4:2 есебімен жеңсе, үшінші кезеңде Грекияның ПАОК клубынан 4:2 есебімен басым түсті.
Екі команданың қарымта кездесуі 27 тамызда Бельгияда өтеді. Алматыдағы ойын қос команда үшін Еуропа лигасының негізгі кезеңіне өту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Еске сала кетейік, ҚПЛ-де 22-турдың қорытындысы бойынша «Қайрат» екінші орында келеді. Турнир кестесінде 52 ұпаймен «Ордабасы» көш бастап тұр.
Мазмұнға өту
