Астанада III архившілер конгресі қорытындыланды

Сурет: baq.kz

Астанада өткен «Digital Archive EXPO» атты III архившілер конгресі аяқталды. Президент архиві ұйымдастырған халықаралық форум цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріндегі архив саласының болашағын талқылауға арналды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Орталық Азиядағы ең ірі кәсіби алаңға айналған жиынның пленарлық сессиясында 5 тақырып бойынша панельдік талқылау өтіп, 15 модератор, 65 спикер және 4 халықаралық сарапшы қатысты. «Архивтер және AI: құралдар, этика және болашақ стратегиялары» сессиясында технологиялық құралдар, ЖИ қолданудағы этикалық және құндылықтық тәсілдер, цифрлық дәуірдегі архивтердің болашағына қатысты стратегиялық көзқарас талқыланды. Сингапур Ұлттық архивінің архившісі Николь Со өз еліндегі Үкіметтік технологиялар агенттігі әзірлеген ұлттық кейсті таныстырса, Сорбонна Абу-Даби университетінің ғылыми қызметкері Лиа Шонхе ірі тілдік модельдер архив ісі үшін әмбебап шешім емес екенін атап өтті.

«Digital Archive: заманауи дискурстар» сессиясында архивтерді цифрландырудың заманауи тәсілдері, цифрлық ортада архивтерді толықтыру мәселелері, аудиовизуалды құжаттарды сақтау, сирек кітаптар мен қолжазбаларды цифрландыру қарастырылды. «Архивтердің инновациялық экожүйелері: инфрақұрылым, ынтымақтастық және тұрақтылық» сессиясында спикерлер болашақ архивтердің тұрақты цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған практикалық тәжірибелер, ұлттық стратегиялар және технологиялық шешімдер жайында баяндады. Иордания Ұлттық кітапханасы департаментінің бас директоры Фирасс Аталлах Мохаммад Дараба кітапхана саласында жасанды интеллектіні қолдану бойынша өз еліндегі Ұлттық кітапхананың практикалық тұжырымдамаларын таныстырса, «Өзархив» агенттігінің директоры Улуғбек Юсупов Өзбекстанда жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік архив саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Әзербайжан мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Фазиль Аббасов цифрландыру архивтердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнын түбегейлі өзгертіп жатқанын алға тартты.

Конгресте ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша халықаралық семинар өткізілді. ЮНЕСКО-ның Коммуникация және ақпарат секторының құжаттық мұра бөлімінің басшысы Факсон Банда цифрлық мұраны сақтау саласындағы қазіргі сын-қатерлер туралы сөз қозғаса, Сингапур Ұлттық архиві директорының орынбасары Лай Ти Фанг тарихи дереккөздерді зерттеуде цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударды. Ұлыбритания Ұлттық архивтерінің білім және ағартушылық қызмет бөлімінің жетекшісі Эндрю Пейн білім үдерісінде архив қорларын пайдалану бойынша семинар өткізіп, 2025-2026 жылдары мектеп оқушылары мен студенттердің тілдік модельдерді бастапқы дереккөздермен жұмыс істеу кезінде ЖИ-тьютор ретінде қолдану бойынша зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Конгресс кезінде Muratalks форматында «Mura» клубының екінші отырысы өтіп, Орталық Азиядағы аудиовизуалды және кинематографиялық мұраны сақтау жөніндегі өңірлік жобаның үйлестірушісі Элиз Грасия, «ÓzgeEpic» креативті хабтар желісінің негізін қалаушы Мақпал Жұмабай, «Sailet» компаниясының коммерциялық бөлімінің басшысы Владислав Шин және Мәжіліс депутаты Айдос Сарым архив ісінің келешегі жайында талқылау жүргізді. Жас архившілердің практикалық воркшоптарында Жазғы мектеп қатысушылары цифрлық фотоқұжаттардың құндылығын сараптау, цифрлық реставрация және архив құжаттарын OCR арқылы тану, архив құжаттарымен жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейту бағыттары бойынша жұмыстар жүргізді.

Конгрестің салтанатты жабылу рәсімінде Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина сөз сөйлеп, жиынның архив саласын дамытуға арналған жаңа тәсілдерді қалыптастыру, халықаралық серіктестікті кеңейту және бірлескен бастамаларды іске қосу бағытындағы маңызды алаңға айналғанын атап өтті. Ұлыбритания Ұлттық архивінің цифрлық технологиялар және ақпарат жөніндегі директоры Джон Шеридан форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент архивіне алғыс білдіріп, конгресс архив ісі мен архивші мамандығының болашағына деген сенімді күшейткенін жеткізді.

Жиын соңында архившілер конгресінің қарары қабылданды. Қатысушылар архив тәжірибесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген шешімдерді енгізуді жалғастыру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, деректерді сақтау және басқару үдерістерін стандарттау, қоғамның құжаттық мұраға қолжетімділігін кеңейту қажеттігіне бірауыздан қолдау білдірді.

Ұқсас жазбалар

Шымбұлаққа тек электромобильдермен кіру талабы күшін жойды

Конституциялық сот Алматы әкімдігінің Шымбұлақ шатқалына тек электромобильдердің кіруіне рұқсат берген қаулысын заңсыз деп таныды.

Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды

2026 жылғы 13 маусымға Қазақстанның бірнеше өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз…

Амнистияға кәмелетке толмаған балалары бар 200-ден астам ана мен жүкті әйелдер ілігуі мүмкін

Ішкі істер министрлігі жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған амнистия заңының қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.