Сурет: ашық дереккөз
Англияның «Бёрнли» клубының бас бапкері Ники Хайен қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың жарақатынан кейінгі жағдайы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бапкердің сөзінше, ұлттық құрамалар ойындарына байланысты үзіліс бірнеше футболшының, соның ішінде Сәтпаевтың да қатарға қайта қосылуына мүмкіндік береді.
«Дастан да оралып жатыр. Бұл бізге тактикалық тұрғыда көбірек мүмкіндік береді. Оның алдыңғы екі ойында қаншалықты маңызды болғанын бәрі біледі. Сондықтан Дастанға қайта сенім арта алатын жағдайға жету біз үшін өте маңызды», деді Ники Хайен.
Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық футболшы 10 қазанда Чемпионшиптің кезекті турында «Уотфордқа» қарсы сырт алаңдағы кездесуде алаңға шығуы мүмкін.
Дастан Сәтпаев ағылшын АПЛ-дің ресми матчтарына қатысқан алғашқы қазақ футболшысы. Шабуылшы Англияға тамыз айында, 18 жасқа толған соң ауысуы керек болған. Алайда «Челси» басшылығы оны алдын ала шақырып, Аустралиядағы маусым алдындағы дайындыққа қатыстырды. Маусым алдындағы турне аясында Сәтпаев «Челсидің» төрт жолдастық кездесуінің үшеуінде алаңға шықты.
Ол «Вестерн Сиднейге» қарсы дебюттік ойынында алғашқы голын соқты. Ал 14 тамызда Дастан Сәтпаев ресми түрде «Челси» құрамына еніп, «Бёрнли» клубына жалға берілді.
Сәтпаев «Челсиден» «Бёрнлиге» жалға ауысқалы бері төрт ойынға қатысты. Оның үшеуі чемпионатта, біреуі кубок бәсекесінде өтті. Әзірге қазақстандық шабуылшы гол соғып немесе нәтижелі пас бере қойған жоқ.
Соған қарамастан, Сәтпаевтың ойыны жанкүйерлер тарапынан жоғары бағаланып жүр. Ол «Мидлсброға» қарсы соңғы матчта команданың үздік ойыншысы атанған.
