Жайық news

БҚО-да әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы 96% құрайды

Сурет: Жайық Пресс

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы және алдағы жылу маусымына дайындық барысы қаралды. Селекторлық режимде облыс әкімі Нариман Тұреғалиев те қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Облыстың 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жобасы белгіленген қағидаларға сәйкес әзірленуде. Қазіргі уақытта қажетті ақпарат жиналуда. Жоба 15 қыркүйекке дейін бюджет комиссиясының қарауына, ал 1 қазанға дейін облыс әкімдігіне енгізіледі. Бекітілгеннен кейін тиісті құжат мәслихаттың қарауына ұсынылады.

Қаңтар–шілде қорытындысы бойынша өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың оң серпіні сақталуда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,9%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3%-ға өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 17,3%-ға ұлғайып, 265,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ішкі сауда және халықты жұмыспен қамту салаларында да тұрақты өсу қарқыны байқалады.

Сонымен қатар, өңірде 2026–2027 жылдардағы жылу маусымына дайындық жоспарға сәйкес жалғасуда. Бүгінгі таңда әлеуметтік нысандардың дайындығы 96% құрайды. 2 320 көппәтерлі тұрғын үй дайындық жұмыстарымен қамтылған. Бюджеттік ұйымдарға қажетті көмірдің 95% жеткізілген.

Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дайындау бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 947 км электр желілері, 358,7 км газ желілері, 15,6 км жылу желілері, сондай-ақ 9,5 км сумен жабдықтау және су бұру желілерінде жұмыстар орындалды.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімі жылу маусымына дайындықты белгіленген мерзімде аяқтауды және анықталған мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Сондай-ақ, жергілікті жауапты құрылымдар мен басқарма басшыларына әлеуметтік нысандардың, тұрғын үй қорының және инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның қысқы кезеңге толық дайындығын қамтамасыз ету міндеттелді.

Көп оқылғандар