Сурет: Жайық Пресс
Облыс әкімі Н. Төреғалиевтің төрағалығымен өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібінде білім саласындағы сыртқы талдау қорытындылары, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мүдделер қақтығысын болдырмау және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Білім саласындағы сыртқы талдау қорытындысы бойынша ұсынылған іс-шаралардың орындалу барысы талқыланды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізу, биометриялық жүйелерді кезең-кезеңімен енгізу, мектеп асханаларына жалға берілген алаңдарды нақтылау және шарт талаптарын нақты пайдаланылатын алаңдарға сәйкестендіру міндеттері белгіленді.
Мемлекеттік қызметте этикалық және заңнамалық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылды. Мүдделер қақтығысын болдырмау, кадрлық шешімдер қабылдау кезінде заңнама талаптарын сақтау және мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша алдын алу шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Мемлекеттік сатып алу саласында бәсекелестікті арттыру, жоспарлау сапасын жақсарту және техникалық сипаттамаларды әзірлеу кезінде ашықтық қағидаттарын сақтау мәселелері талқыланды. Жауапты органдарға сатып алу рәсімдеріндегі тәуекелдерді тұрақты негізде бағалау және ішкі бақылау тетіктерін жетілдіру тапсырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтау және алдын алу жұмыстарын күшейту, сондай-ақ жоспарланған іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
