Сурет: Report
Непалдың солтүстік аудандарында болған су тасқыны салдарынан 469 адам қаза тапты. Бұл туралы елдің тәртіп сақшылары хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Құқық қорғау органдарының соңғы деректеріне сүйенсек, 469 адамның денесі табылып, 1 545 адам жарақат алған. Құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда.
Іздеу-құтқару жұмыстарына Непал армиясының, қарулы полиция күштерінің және полицияның 13 295 қызметкері жұмылдырылған. Құтқарушылар үйінділерді ашып, топырақ астында қалған адамдарды іздеп жатыр.
Непал премьер-министрі Балендра Шах жағдайдың әлі де күрделі екенін айтты. Оның пікірінше, биліктің басты міндеті — адамдарды құтқару, хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету және табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға қолдау білдіру.
Еске салайық, 26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстік аудандарын қатты су тасқыны басты. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа Непал мен Қытай шекарасында, «Расувагадхи» шекара бекетінен шамамен 20 шақырым солтүстік-шығысқа қарай болған қар мен тастың көшкіні себеп болған.
Жүздеген адам әлі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Олардың ішінде шамамен 500-ден аса шетел азаматы бар.
Айта кетейік, Непал мен Тибет шекарасындағы су тасқынынан хабарсыз кеткендер арасында Қазақстанның 2 азаматы бар. Дипломаттар оларды іздестіруге қатысып жатыр.
