Қоғам

Астана маңында 6-8 көлік ауыстыру торабы салынады

Сурет: ашық дереккөзден

Астана төңірегіндегі елді мекендердің тұрғындары жеке көліктерін арнайы тұрақтарға қалдырып, қоғамдық көлікке ауыса алатын болады. Бұл үшін қаланың шеткі аудандарында көлік ауыстыру тораптары салынбақ, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тамыз айында қаланың бас жоспарына тиісті өзгерістер енгізілген. Осы түзетулерге сәйкес, 6-8 тораптың құрылысы жүргізіледі. Мақсат – Астанадағы көлік санын азайтып, жол қозғалысын оңтайландыру. Қарбалас уақытта 3,5 мыңнан астам адам қоғамдық көлікті пайдаланады, жеңіл автокөліктер де көп. Болашақта уақытты үнемдеу үшін қалаға өз көлігімен келушілер оны торапта қалдырып, жеңіл рельсті көлік, автобус немесе трамвайға ауыса алады.

«Автобустың арнайы желісі болады. Сондай-ақ қаланың кіре берісінде көлік нөпірі қалың жерлерде трамвай және Тарлан желісі де тартылады. Қазір біз негізінен іскери орталықтарды жобалап жатырмыз. Солардың маңында көлік ауыстыру тораптарын, яғни ауқымды автотұрақтарды қондырудың амалы қарастырылуда. Сонымен қатар бұл маңда тұрғындардың қолайлығы үшін қоғамдық нысандар салынады. Яғни қалаға кірмей-ақ, шаруасын тындырып кері қайтатындай мүмкіндік жасалады», дейді «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш.

Маманның айтуынша, трамвай желілері «Тарлан-Астана» тәрізді болады, айырмашылығы – тегіс жермен жүреді. Бұл – алдағы уақытқа арналған жоспар. Қазір «Тарлан-Астана» желісінің екінші, үшінші және төртінші бағыттары салынып жатыр. Екінші желі Сығанақ-Тұран-Сарыарқа-Жеңіс көшелері арқылы қаланың оң және сол жағалауын жалғайды, ұзындығы 9 шақырымнан асады, 9 станса арасындағы қашықтық 1 шақырымға жуық. Үшінші желі Сығанақтан Шыңғыс Айтматов көшесіне дейін тартылып, ұзындығы 8 шақырымнан асады және 9 стансаны қамтиды, аялдамалар арақашықтығы 1 шақырымға жуық. Төртіншісі – Астана-Қосшы бағыты, 9 шақырымдық желіде әр үш шақырым сайын бір стансадан, барлығы 3 станса орнатылады. «Тарлан Астананың» алғашқы желісі іске қосылғалы 8 млн жолаушы тасымалданған. Кедергісіз жүйткитін вагондарға күн сайын 70 мыңнан астам адам мінеді.

Көп оқылғандар