Сурет: Egemen Qazaqstan
Соңғы жылдары елімізде архив ісін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп, тарихи құжаттарды сақтау, қалпына келтіру, ғылыми айналымға енгізу және цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта Ұлттық архив қорында 404 950 сақтау бірлігі жинақталған. Сонымен қатар 16 миллион кадрдан тұратын сақтандыру қоры жасақталған. Архив 278 ұйыммен тұрақты байланыс орнатқан.
Қорды толықтырумен қатар, архивтің цифрлық әлеуеті де артып келеді. Цифрланған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін өсіп, электрондық форматқа 110 миллионнан астам бет көшірілді. Архивте ірі форматтағы құжаттарды цифрлауға арналған зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ миллиондаған материалдың ішінен қажетті мәліметті бірнеше секундта табуға мүмкіндік беретін интеллектуалды іздеу жүйесі енгізілген.
Мекемеде еліміздегі алғашқы автономды және интернетке қосылмаған электрондық оқу залы ашылған. Бұл зерттеушілердің цифрлық құжаттармен қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, архив қорындағы деректердің сақталуын қамтамасыз етеді.
Тарихи мұраны сақтауға да ерекше көңіл бөлінеді. Архив ғимаратында 19 арнайы архив қоймасы, климаттық бақылау және газбен өрт сөндіру жүйелері, цифрландыру мен реставрация зертханалары жұмыс істейді. Соңғы үш жылда мамандар 1 447 тарихи құжатты қалпына келтірді.
Ұлттық архив ғылыми-әдістемелік орталық қызметін де атқарады. Мұнда Мемлекеттік қор каталогі жүргізіліп, архив ісіне қатысты нормативтік құжаттар әзірленеді, ғылыми кеңестер ұйымдастырылады. Мемлекеттік тарих институтымен бірлесіп «Ғылыми зертхана» жобасы жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда республика бойынша 20-ға жуық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілген. Ұлттық архив жанындағы Біліктілікті арттыру орталығы мыңнан астам маманға сертификат табыстады.
Жас ұрпақтың тарихқа қызығушылығын арттыру бағыты да назардан тыс қалмаған. «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында ашық есік күндері тұрақты өткізіліп келеді. Нәтижесінде жобаға қатысатын жастардың саны 500-ден 2 мың адамға дейін өсті. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп «Қазақстан тарихы» кабинеті ашылды.
Қоғамдық маңызы бар цифрлық жобалар да кезең-кезеңімен дамып келеді. Өткен жылдан бері Ұлттық архив «Мәңгілік жадымызда – Вечная память» порталын жүргізеді. Қазір онда 705 мыңнан астам майдангер туралы мәлімет жинақталған.
Жыл сайын архив 200-ден астам мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырып, жинақтар, фотоальбомдар мен әдістемелік басылымдар шығарады. Сонымен қатар халықаралық байланыс та нығайып келеді. Ұлттық архив ICA EURASICA халықаралық ұйымының мүшесі ретінде Ресей, Өзбекстан, Түркия, Эстония, Франция, Сауд Арабиясы және басқа да елдердің архив мекемелерімен әріптестік байланыс орнатқан.
Мазмұнға өту
