Сурет: Egemen Qazaqstan
Арал қаласында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт іске қосылды. Ашылу салтанатына облыс басшылығы мен жергілікті тұрғындар қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жиналғандарды құттықтап, зауыттың өңір экономикасына серпін беріп, елдің экспорттық әлеуетін арттыратынын атап өтті.
Елімізде түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындар бар болғанымен, өнеркәсіптік деңгейде құрғақ ұнтақ өндіретін зауыттар өте аз. Сондықтан «Қазақ Кэмел» компаниясының өндіріс орны бірегей әрі маңызды бастама болып отыр, — деді аймақ басшысы.
Зауыт жылына 400 тонна өнім шығарып, 23 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Күніне 20 мың литр түйе сүті қажет, бұл жергілікті тұрғындарға сүт өткізіп, табыс табуға мүмкіндік береді. 10 жыл бойы өнім Қытай нарығына экспортталады. Мемлекеттік қолдау аясында индустриялық аймақтан 1 гектар жер беріліп, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы Қытайдан жабдық сатып алуға 1,8 млрд теңге бөлінген.
Сондай-ақ Аралда сұрыпты ас тұзын өндіретін зауыт ашылды. «Тоғыс – Аралотын» серіктестігі 1,8 млрд теңге инвестиция салып, жылына 40 мың тонна өнім шығаратын зауытта 20 адам жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдаумен 4 гектар жер беріліп, инфрақұрылым тартылған. Өнім ішкі нарықпен қатар көрші елдерге экспортталады.
Компания мотоцикл құрастыру жобасына 1 млрд теңге жұмсап, өнімнің 50 пайызын ішкі нарыққа, қалғанын шетелге экспорттауды жоспарлап отыр.
Ауданда балық шаруашылығы да дамып келеді. «Қамыстыбас» питомнигінде тұқы, ақ амур, дөңмаңдай балықтары өсіріліп, жыл сайын 12 млн бір жаздық, 420 мың екі жаздық шабақ Арал теңізі мен Сырдарияға жіберіледі. Кіші Аралда 18 учаске мен 17 көл бар, балықтың 19 түрі мекендейді. 10 балық өңдеу зауыты аймақтың экспорттық әлеуетін арттыруда.
«Бейнеу-Сексеуіл» автожолының құрылысы жеделдетіліп, ауданның транзиттік әлеуеті артады. Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Беларан елді мекендеріне қатынайтын жол мәселесі шешіледі.
Алдағы үш жылда өңірде 1 трлн 900 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд теңгелік 21 жоба іске қосылады деп жоспарланған.
Мазмұнға өту
