Әлем

АҚШ елшілігі Иркутскідегі оба дерегіне қатысты ескерту жариялады

Сурет: istockphoto.com

АҚШ-тың Мәскеудегі дипломатиялық өкілдігі Ресейдің Иркутск облысында өкпе обасы туралы тараған ақпаратқа байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Елшілік оба күдігі әзірге ресми түрде расталмағанын атап өтті. Дипломатиялық өкілдік Иркутск облысында жүрген АҚШ азаматтарына жергілікті денсаулық сақтау органдарының талаптарын орындауды және жағдайға қатысы бар медициналық мекемелерге бармауды ұсынды.

Сонымен қатар елшілік Ресейде, әсіресе Мәскеуден тыс өңірлерде, АҚШ билігінің азаматтарға көмек көрсету мүмкіндігі шектеулі екенін ескертті.

Иркутскідегі жағдай 28 жастағы әйелдің қайтыс болуынан кейін назарға алынған. Алғашқы мәліметтерде аса қауіпті инфекцияға қатысты марқұммен байланыста болған 197 адам медициналық бақылауға алынғаны хабарланды.

Кейін Ресей тарапы аймақтағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлап, оба ауруы анықталмағанын мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігі де Ресей тарапының деректеріне сүйеніп, инфекцияның елге әкеліну қаупін төмен деп бағалаған. Осыған байланысты шекарада санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді.

Көп оқылғандар