Сурет: Egemen Qazaqstan
Ақсай қаласында қайта жаңғыртылған «Жастар» стадионы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, тапсырыс берушілер, мердігер компания өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы жиналғандарды Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында жаңарған нысанның ашылуымен құттықтады.
Нариман Төреғалиев бұқаралық спортты дамыту мен ұлт саулығын нығайтудың мемлекет саясатындағы маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2023–2026 жылдары жаңа 132 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 24 спорт нысаны салынды. Барлық аудан орталығы мен ірі ауылдар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылды. Енді мұндай заманауи нысандар шағын елді мекендерде бой көтеріп жатыр. Қайта жаңғыртылған «Жастар» стадионы жас спортшыларды жаңа белестерге қанаттандыратынына сенім мол», деді облыс әкімі.
Көпбейінді кешен «КПО Б.В.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында жаңартылды. Мұнда заманауи спорт залы, FIFA стандарттарына сай футбол алаңы, ұлттық ойындар мен жаттығу алаңдары, жүгіру жолдары және экстремалды спорт түрлеріне арналған аймақ бар. Жобаны сапалы әрі уақытылы орындаған «Қалдығайты» компаниясына облыс әкімінің алғыс хаты берілді.
Аймақ басшысы спорт нысандарын аралап, мекеме басшылығымен, бапкерлермен және шәкірттермен әңгімелесті. Стадиондағы құрмет тақтасында бөрлілік әлем чемпиондары Темірлан Көлбай, Гүлдана Әлмұхамбетова, Мерует Байниязова, Мәлік Мұқашев және Азария Хаммидуллинаның суреттері мен жетістіктері жазылған. Облыс әкімі бұл бастаманы оң бағалап, ол жастарға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, «КПО Б.В.» компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары аясында Ақсай қаласында оңалту орталығы, оқушылар және жастар сарайының құрылысы да жүріп жатыр.
Мазмұнға өту
