Қоғам

Алматыда Достық Plaza маңынан түлкі байқалды

Сурет: ашық дереккөз

Алматы тұрғындары түнде қала орталығындағы Достық Plaza сауда орталығының жанынан түлкіні көрген. Бұл жайт Threads әлеуметтік желісінде талқыланып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жарияланған мәліметке қарағанда, видео 24 қыркүйекте сағат 02:33 шамасында түсірілген. Кадрларда түлкі ғимарат маңында еркін жүргені көрінеді. Адамдар жақындағанда жануар қашып кеткен.

Әлеуметтік желі қолданушылары жабайы аңға жақындамауға және мамандарды шақыруға кеңес берді.

Кейбір тұрғындар түлкінің өзін ерекше ұстауына алаңдап, оның ауру болуы мүмкін деп болжаған. Алайда жануардың қандай да бір ауруға шалдыққаны туралы нақты ақпарат жоқ.

«Жабайы жануар қала ішіне дейін келіп, ғимараттың есігіне қарай жүгіріп барады. Сондықтан қауіпсіздік үшін мамандарға хабарласқан дұрыс», деп жазды қолданушылардың бірі.

Ал кейбір алматылықтар түлкінің әрекетінен ерекше жағдай көрмейтінін айтты. Олардың пікірінше, жабайы жануарлар азық іздеп, кейде қала аумағына кіріп кетуі мүмкін.

Көптеген қолданушы жануардың жағдайына алаңдады.

«Оның қаншалықты қорқып жүргенін елестетіп көріңіздер. Ол қайда барарын, қай жерде тығылуға болатынын білмейді», деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір тұрғын жабайы жануарлардың табиғи мекенінен айырылып жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді.

Алматылықтардың бір бөлігі жабайы жануарлардың қалаға жақындауын таудағы құрылыс жұмыстары мен олардың табиғи мекен ету ортасының тарылуымен байланыстырды.

«Бұл – таудағы ауқымды құрылыстың салдары», деген пікір білдірді тұрғындардың бірі.

Басқа қолданушылар соңғы уақытта Алматының маңында түлкіден бөлек, өзге де жабайы жануарлардың жиі байқала бастағанын жазды.

«Ақсай жақта аюлар саяжайларға кіріп жүр, қабандар үйірімен жүреді. Барыстар соқпақтарға шығады. Түлкілер қалада жүр. Жануарлардың баратын жері қалмады», деп жазды желі қолданушысы.

Кейбір пікірлерде жабайы аңдардың қалаға жақындауы Көк-Жайлау аумағындағы құрылыс жұмыстарымен де байланыстырылды.

Ал қолданушылардың бірі шамамен екі апта бұрын Көк-Төбе маңынан да түлкі көргенін айтып, өз түсірілімін жариялаған.

Еске салайық, бұған дейін Зайсан ауданы аумағында түлкі тістеген ірі қара мал арасында құтыру ауруы тіркелгенін хабарлаған едік.

Көп оқылғандар