Қоғам

Алматы – Ыстықкөл автожолының құрылысы кейінге қалдырылды

Сурет: istockphoto.com

Алматы мен Ыстықкөлді байланыстыратын жаңа автожол жобасы кейінге қалдырылды. Көлік министрлігі бұл жобаның қазіргі жоспарлау кезеңінде басымдығы төмен екенін хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік ресурстар қазір елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін басқа инфрақұрылымдық жобаларға бағытталып отыр. Сондықтан қаржылық және институционалдық ресурстар бірінші кезектегі жобаларға жұмылдырылған.

«2026-2030 жылдарға арналған жоспар аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қарағанды – Жезқазған, Орталық – Батыс, Ақтөбе – Ұлғайсын, Қызылорда – Сексеуіл, Бейнеу – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл бағыттарындағы автожолдарды салу және реконструкциялау, сондай-ақ Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларын айналып өтетін жолдарды іске асыруға басымдық берілген. Алматы – Ыстықкөл жол жобасын іске асыру осы жоспарлау кезеңінде басымдығы төмен жоба ретінде айқындалды», деп хабарлады Көлік министрлігі.

Сонымен қатар ведомство стратегиялық инфрақұрылымдық басымдықтар нақтыланған кезде жобаны қайта қарау мәселесі көтерілуі мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, жоба қолданыстағы ұзындығы шамамен 460 шақырым болатын Алматы – Отар – Қордай – Бішкек – Шолпан-Ата бағытына балама ретінде қарастырылған. Жаңа бағыт Алматы – Ұзынағаш – Кемин арқылы өтуі керек еді. Оның жалпы ұзындығы шамамен 277 шақырым болады деп жоспарланған.

Көп оқылғандар