Қоғам

Алатаудағы 34 гектар қоқыс полигоны коммуналдық меншікке қайтарылды

Сурет: ашық дереккөзден

Алатау қаласы прокуратурасының ұсынуы бойынша сот «ADC TAZA ALEM» компаниясымен жасалған 34 гектар аумақтағы қоқыс полигонын сенімгерлік басқару шартының күшін жою туралы талап қоюды қанағаттандырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тексеру барысында аталған компанияның іс жүзінде 2025 жылғы 27 қарашадағы сот үкімімен сыбайлас жемқорлық қылмыс және заңсыз кәсіпкерлік жасағаны үшін сотталған Іле ауданының бұрынғы әкімі Б.Қарасаевқа тиесілі болғаны анықталды.

Шарт бойынша басқарушы компания инвестициялар тартуға, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салуға, кірістің бір бөлігін жергілікті бюджетке аударуға және тарату қорын құруға міндеттелген болатын.

Алайда бұл міндеттемелер орындалмады. Компанияның қызметі іс жүзінде қалдықтарды жинақтап орналастырумен ғана шектелді.

Полигонды тиісінше басқармау елеулі экологиялық зардаптарға әкеп соқты. 2021–2025 жылдар аралығында полигон аумағында 6 өрт оқиғасы тіркелді.

Олардың ең ауқымдысы 2025 жылғы қыркүйекте болып, өрт 30 гектар аумақты шарпыған.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылды.

Көп оқылғандар