Categories Әлем

Әлемдік БАҚ-та Қазақстан: мұнай өндірісі, Нидерландпен келісім, инвесторларды қорғау және жолбарыстар

Сурет: Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Әлемдік медиада Қазақстан туралы ақпарат көбейді. Ресей президентінің сапары кезінде әкелінген амур жолбарыстары, Нидерландпен 160 млн еуроға жасалған мәміле, инвесторлар құқығын қорғау бастамалары және мұнай өндірісін ұлғайту мәселелері көп айтылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдемесін Reuters таратты. Оның айтуынша, серіктестер ОПЕК+ шектеулеріне қарамастан, Қазақстаннан мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуды сұрап отыр. Министр әлемге қазақстандық мұнай қажет екенін және елдің сенімді жеткізуші екенін атап өтті. Ормуз бұғазындағы шектеулерге байланысты серіктестер жеткізілім көлемін арттыруды өтініп отыр. Алайда Қазақстанда инфрақұрылымдық шектеулер бар.

Мұнай өндірісі мен экспортты ұлғайту үшін «Қашаған» кен орнындағы жөндеу жұмысы 2027 жылға шегерілді. Сондай-ақ Қазақстан Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры арқылы тасымалданатын шикізатты жылына 1,5 млн тоннадан 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын.

«Интер РАО» компаниясы 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстанға 1,4 млрд кВт·сағ электр энергиясын жеткізген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 28%-ға көп. ТАСС-тың хабарлауынша, мамыр айында «Интер РАО» басқарма мүшесі Александра Панина Ресейдің 2026 жылы Қазақстанға 4,3 млрд кВт·сағ электр энергиясын жеткізуді жоспарлап отырғанын айтқан.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Нидерландқа жұмыс сапары барысында бизнес-форумға қатысты. Report-тың хабарлауынша, форумда жалпы құны 160 млн еуро болатын бірлескен жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол қойылды. Қазақстандық делегация Naktuinbouw басшылығымен тұқым шаруашылығы, сертификаттау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылау мәселелерін талқылады. Damen Shipyards Group компаниясымен кеме жасау саласындағы ынтымақтастық қаралып, Маңғыстау облысында кеме жасау және жөндеу кластерін құру жобасы бойынша меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Axia Seeds және DENSO AgriTech Solutions компанияларымен кездесулер өтіп, заманауи агротехнологияларды енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту және жылыжай кешендеріне инвестиция тарту мәселелері сөз болды.

Қазақстан инвесторлардың құқығын күшейтуді жоспарлап отыр. The Times of Central Asia-ның хабарлауынша, өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларда инвестициялық мәселелер жөніндегі арнайы прокурорлар тағайындалып, Бас прокуратура жанынан инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды сотқа дейін реттеуге арналған арнайы платформа құрылады. Соңғы заңнамалық түзетулерден кейін Бас прокурор Инвестициялық омбудсмен қызметін де атқарады. Инвестициялық прокурорлар өңірлік және республикалық маңызы бар қалалардағы прокуратура қызметкерлері қатарынан тағайындалады.

Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапары кезінде Қазақстанға төрт амур жолбарысын сыйға тартты. Euronews-тің хабарлауынша, бұл қадам Орталық Азияда 70 жыл бұрын жойылып кеткен тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жолбарыстар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына орналастырылды. Олардың қатарында 3-4 жасар ересек аталық және аналық жолбарыстар, сондай-ақ 6-7 айлық екі күшік бар.

Ұқсас жазбалар

Цзянсу провинциясының өңірлік хабы Астанада жұмысын бастады

Астанада Қытайдың Цзянсу провинциясының Орталық Азиядағы орталығының ресми ашылу рәсімі өтті.

Гуанчжоуда Қазақстанның Бас консулдығы ашылды

Қытайдың Гуандун өлкесінің әкімшілік орталығында Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығы ашылды.

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті 30 жылға сотталды

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль 30 жылға сотталды. Сеул соты оны дрондарды Пхеньян…