Басты тақырып

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Ми қызметін зерттеу институты ашылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азиядағы алғашқы мамандандырылған ғылыми-білім беру орталығы – Ми қызметін зерттеу институты ашылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Бұл институт Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай ашылды.

Институттың ашылуы мемлекеттік саясаттың нәтижесі екенін атап өткен ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев бұл орталық ғылыми-технологиялық әлеуетті арттырып, пәнаралық зерттеулерді жетілдіріп, инновацияларды өндіріске енгізуге бағытталатынын айтты.

ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа институттың отандық ғылым үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл қадам университет пен ғылым академиясы арасындағы табысты ынтымақтастықтың нәтижесі және еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған игі іс.

Институт 2018 жылы ҚазҰУ-да құрылған «Когнитивтік нейроғылым» ғылыми-зерттеу орталығы негізінде ашылды. Зерттеулер 3 магниттік-резонанстық томограф, ANT Neuro жоғары тығыздықтағы ЭЭГ құрылғысы, функционалдық жақын инфрақызыл спектроскопия (fNIRS) технологиялары, сондай-ақ жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау әдістері сияқты заманауи құралдармен жүргізіледі.

Профессор Альмира Кустубаева жетекшілік ететін институт когнитивтік, мінез-құлықтық, есептеу нейроғылымы, молекулалық-клеткалық және нейролингвистика зертханаларын біріктіреді. Профессордың айтуынша, институттың негізгі бағыттары – мидың қалыпты және патологиялық дамуын зерттеу, когнитивтік функцияларды талдау, нейродегенеративті ауруларды зерделеу, эмоциялар мен шешім қабылдау тетіктерін анықтау, көптілділіктің нейролингвистикалық ерекшеліктерін зерттеу, сондай-ақ жаңа диагностикалық және болжамдық биомаркерлер әзірлеу.

Институт базасында елімізде алғаш рет нейротехнологияларды дамыту, ми сигналдарын талдауда машиналық оқыту мен жасанды интеллект әдістерін қолдану, «ми-компьютер» интерфейстерін әзірлеу бағытында зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар назар тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы және аутистік спектр бұзылыстары бойынша лонгитюдтік зерттеулер басталды. Мидың қалыпты дамуының болжамдық көрсеткіштері әзірленіп, мидың қартаюы мен нейродегенеративті аурулардың даму тетіктері жасушалық және жүйелік деңгейлерде зерттелуде.

Көп оқылғандар