Бүгін Абай полиция бөлімінің әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Аймақ басшысы «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету жолында құзырлы құрылымның қызметі ерекше екенін атап өтті. Бүгінде өңірдің ішкі істер органдарында 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар қоғамдық тәртіпті қырағы қадағалап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.
— Кейінгі 3 жылда саланы материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінді. 400-дей қызметтік автокөлік сатып алынды. Барлық ауданда жедел басқару орталықтары құрылды. 2024-2025 жылдары 742 млн теңгеге 400 бейнебақылау камерасы алынса, биыл да бұл мақсатқа 136 млн теңге қаражат қарастырылды. Бұдан бөлек компьютер, планшет, мобильді автоматты жүйелер сатып алынып, полиция бөлімдері ғимараттарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгін Абай полиция бөлімі әкімшілік ғимаратының қолданысқа берілуі – жергілікті атқарушы органның қолдауымен іске асырылған нәтижелі жұмыстардың жарқын көрінісі, — деді Нариман Төреғалиев.
Аймақ басшысы облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевпен бірге 3 қабатты нысанды аралап көрді. Осыған дейінгі ғимараттың жай-күйі тиісті талаптарға сай емес еді. Енді іргелі ұжым жарық әрі жайлы бөлмелерде жұмысын жалғастырады. Мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, мүгедектігі бар азаматтарды қабылдау мүмкіндіктері қарастырылған. Нариман Төреғалиев тәртіп сақшыларына сәттілік тілеп, қызмет сапасын арттыра түсетініне сенім білдірді.
Мазмұнға өту
