Қаржы

31 шілдеден бастап жүк тасымалына жаңа бақылау жүйесі енгізіледі

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы 31 шілдеден бастап ЕАЭО аумағында навигациялық пломбаларды қолданудың екінші кезеңі басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа тәртіп бойынша навигациялық пломбаларды пайдалану міндетті болады. Бұл автомобиль көлігімен транзиттік кеден рәсімі бойынша тасымалданатын тауарларды жеткізу кезінде қажет (ЕАЭО заңнамасында көрсетілген жекелеген жағдайларды қоспағанда). Сондай-ақ теміржол арқылы алкоголь және темекі өнімдерін, санкциялық тауарларды, үлбір бұйымдарын, аяқ киімді, киім-кешек пен электрониканы тасымалдау кезінде де қолданылады.

Навигациялық пломба – жүктің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін электронды құрылғы. Ол тауардың сақталуын қамтамасыз етуге, тасымал үдерісінің ашықтығын арттыруға және бақылау рәсімдерін оңтайландыруға көмектеседі.

Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушыларды, экспедиторларды, экспорттаушыларды, импорттаушыларды және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды жаңа талаптармен алдын ала танысып, оларды алдағы тасымалдарды жоспарлау кезінде ескеруге шақырды.

Көп оқылғандар