Қоғам

Атом саласындағы жаңа кезең: Қазақстанның бұл бағытта негізгі жетістіктері қандай?

Қазақстан соңғы жылдары атом өнеркәсібын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, табиғи уран өндіруші ел мәртебесінен жоғары технологиялық ядролық отын өнімдерін шығаратын мемлекетке айнала бастады. Бұл бағыттағы жетістіктер елдің жаһандық атом нарығындағы позициясын күшейтіп қана қоймай, болашақта ұлттық атом энергетикасын дамытуға берік негіз қалыптастырып отыр. Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Зурият Сауатова Tizgin.kz порталына Қазақстанның атом саласындағы негізгі жетістіктері мен алдағы басым бағыттары туралы тарқатып айтып берді.

Қазақстан енді тек уранды жеткізуші ғана емес

Зурият Сауатованың сөзінше, атом өнеркәсібі Қазақстан Республикасының экономикасында ерекше орын алады. Елімізде уранның ірі минералдық-шикізат базасы, оны өндіру және өңдеу бойынша көпжылдық тәжірибесі, дамыған ғылыми-өндірістік инфрақұрылымы, сондай-ақ ядролық отын компоненттерін дайындау саласындағы құзыреттері бар.

“Ұзақ уақыт бойы Қазақстан негізінен табиғи уранды жеткізуші ретінде қабылданып келді. Алайда, бүгінде ұлттық атом өнеркәсібі уран өндіруді, уран өнімдерін шығаруды, отын таблеткалары мен жылу бөлетін құрастырмаларды дайындауды, ғылыми зерттеулерді, кадрлар даярлауды, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қамтитын неғұрлым күрделі жүйе болып табылады. Қазіргі міндет тек уран өндірудегі көшбасшылықты сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар анағұрлым жоғары деңгейде өңделген өндірістерді дамыту, өнімнің қосылған құнын арттыру және Қазақстанның болашақ атом энергетикасын қамтамасыз ету үшін жинақталған құзыреттерді пайдалану”, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі – уранның едәуір қорлары мен дамыған өндіруші өнеркәсіптің болуы. 2009 жылдан бастап еліміз табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орынды иеленіп келеді.

Уран игерудің жаңа әдісі

2025 жылы Қазақстанда уран өндіру көлемі шамамен 26 мың тоннаны немесе әлемдік өндірістің шамамен 40 пайызын құраған. Бұл елдің жаһандық уран нарығындағы жетекші рөлін растайды. Өндіру 14 кәсіпорында жүргізіледі, олардың көпшілігі халықаралық серіктестердің қатысуымен құрылған.

“Қазақстанда уран кен орындарын игерудің негізгі тәсілі жер асты ұңғымалық шаймалау әдісі. Бұл әдіс негізінен құмтас түріндегі кен орындарында қолданылады және кен денесін дәстүрлі карьер немесе шахта арқылы ашпай-ақ уранды алуға мүмкіндік береді. Технологиялық ұңғымалар жүйесі арқылы уранды еритін күйге ауыстыратын ерітінді уран құрамындағы қабатқа беріледі, содан кейін өнімді ерітінді жер бетіне көтеріліп, өңдеуге жіберіледі. Аталған тәсілді қолдану ауқымды кен қазбаларын жүргізбеуге, жер жұмыстарының көлемін айтарлықтай қысқартуға және топырақ жамылғысы мен ландшафттың бұзылуын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Өндірістік процестер белгіленген талаптарға сәйкес технологиялық және экологиялық бақылаумен сүйемелденеді”, – дейді ол.

Қазақстанда өндірілетін уран экспортқа бағдарланған. Бұл валюталық түсімді қамтамасыз етеді, өндіріс орналасқан өңірлердің дамуына және атом энергетикасын пайдаланатын мемлекеттермен сауда байланыстарын нығайтуға ықпал етеді. Атом өнеркәсібін одан әрі дамытудың маңызды бағыты Қазақстанның ядролық отын циклінің кезеңдеріне қатысуын дәйекті түрде кеңейту, оның ішінде анағұрлым жоғары деңгейде өңделген өнімді өндіру болып табылады. Жаңа өндірістік кезеңдерді игеру өнімнің қосылған құнын арттыруға, технологияларды дамытуға және мамандардың біліктілігін көтеруге ықпал етеді.

Ең маңызды жетістік

Зурият Сауатованың сөзінше, Өскемен қаласында орналасқан Үлбі металлургиялық зауыты – уранды өңдеу саласындағы негізгі кәсіпорын. Кәсіпорынның жоғары технологиялық өнімдер шығаруда 70 жылдан астам тәжірибесі бар және уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін шығаруға маманданған. Зауыттың уран өндірісі уран диоксиді ұнтақтарын, уранның шала тотығы-тотығын және отын таблеткаларын дайындауды қамтиды. Кәсіпорын өнімі ядролық отын өндіруде қолданылады және шетелдік тұтынушыларға жеткізіледі. Мұндай кәсіпорынның болуы Қазақстанға тек табиғи уран өндіруге ғана емес, сонымен қатар ядролық отын циклінің кейінгі кезеңдеріне қатысуға мүмкіндік береді. Бұл технологиялық даму, халықаралық кооперация және өнімнің жаңа түрлерін игеру үшін негіз жасайды.

“Үлбі металлургиялық зауытының аумағында орналасқан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Төмен байытылған уран банкінің маңызы ерекше. Ол тиісті мемлекеттің техникалық немесе коммерциялық әрекеттеріне байланысты емес себептермен жеткізуде іркілістер туындаған жағдайда АЭХА-ға мүше мемлекеттерді төмен байытылған уранмен қамтамасыз етуге арналған. Төмен байытылған уран банкі Қазақстанда орналасқан және АЭХА-ның басқаруында. Оның жұмыс істеуі халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген жоғары сенімін және елдің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мен ядролық қаруды таратпау қағидаттарына бейілділігін растайды. Қазақстанда жылу бөлетін құрастырмалардың өнеркәсіптік өндірісін құру соңғы жылдардағы ең маңызды жетістік болды”, – дейді сарпашы.

Жылу бөлетін құрастырма ядролық отыны бар және ядролық реактордың белсенді аймағына жүктеуге арналған дайын құрылым болып табылады. Бұл сапасы мен қауіпсіздігіне айрықша қатаң талаптар қойылатын күрделі жоғары технологиялық өнім. Қазақстан-Қытай бірлескен «Үлбі-ТВС» кәсіпорны Үлбі металлургиялық зауытының базасында құрылды. Ол Қытай Халық Республикасының атом электр станциялары үшін француздық AFA 3G дизайнындағы жылу бөлетін құрастырмаларды өндіреді. Жобаны іске асыруға Қазақстан, Қытай, Франция, Германия және басқа мемлекеттердің кәсіпорындары мен мамандары қатысты. Қазақстандық тарап жаңа өндірістік технологияларды игерді, заманауи сапаны бақылау жүйелерін енгізді және білікті персонал даярлады.

Өнеркәсіптік өндіріс 2021 жылы іске қосылды, ал 2022 жылы дайын ядролық отынның бірінші партиясы Қытайға жеткізілді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша зауыт жобалық қуатына жетті – жылына төмен байытылған уранға шаққанда 200 тонна отын. Мұндай көлем жыл сайын шамамен алты заманауи энергетикалық реакторды отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2025 жылы кәсіпорын 471 жылу бөлетін құрастырма немесе уран баламасында 214,7 тонна өнім шығарды, бұл өндірістің тұрақты өнеркәсіптік пайдаланылуын көрсетеді. Жылу бөлетін құрастырмалар өндірісін құру стратегиялық маңызға ие. Қазақстан алғаш рет тек табиғи уран мен отынның жекелеген компоненттерін ғана емес, сонымен қатар анағұрлым жоғары деңгейде өңделген дайын өнімдерді экспорттай бастады.

Қорытынды

Сарапшы Қазақстанның қазіргі атом өнеркәсібі енді тек табиғи уран өндірумен шектелмейтінін атап өтті. Елде уран шикізатын өңдеу, отын таблеткалары мен жылу бөлетін құрастырмаларды өндіру бойынша кәсіпорындар бар, сондай-ақ уранды байыту бойынша халықаралық жобаларға қатысады және АЭХА қызметіне белсене араласады.

“Табиғи уран өндіруден бастап дайын ядролық отын шығаруға дейінгі Қазақстанның ядролық отын цикліне қатысуын дәйекті түрде кеңейту соңғы жылдардың басты нәтижесі болды. «Үлбі-ТВС» зауытының жобалық қуатына шығуы Қазақстанның күрделі өндірістік технологияларды игеруге және ядролық отынның әлемдік нарығының толыққанды қатысушысы болуға қабілетті екенін көрсетеді”, – дейді ол.

Келесі кезең өзіміздің атом энергетикасын дамытумен байланысты болады. Ол тек АЭС салуды ғана емес, сонымен қатар реттеуші жүйені нығайтуды, кадрлар даярлауды, ғылымды дамытуды, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін құруды және сенімді отын стратегиясын қалыптастыруды талап етеді. Осылайша, Қазақстан толыққанды ұлттық атом кешенін қалыптастыру үшін қажетті алғышарттарға ие.

Көп оқылғандар