Сурет: Үкімет
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектті енгізу үшін мектептердің инфрақұрылымын жарақтандырудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Техникалық базаның дайындығына, ауылдық мектептерде цифрлық ортаны дамытуға ерекше назар аударылды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде шешіліп жатқанын, цифрлық сауаттылық және информатика бойынша оқу жоспарлары жаңартылғанын, мамандандырылған әдістемелік ұсынымдар әзірленгенін, сондай-ақ педагогтар үшін біліктілікті арттырудың ауқымды курстары ұйымдастырылғанын баяндады.
«Жасанды интеллект технологияларын енгізуге байланысты ауылдық жерлердегі мектептердің инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар істелінді. Бүгінгі таңда 7 971 мектепте интернет байланысының сапасы тексерілді. Оның ішінде 1 600 ауылдық мектепті Starlink арқылы интернетке қосу мәселесі шешілді. Сонымен қатар, тиісті әдістемелік ұсынымдар дайындалды. Цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу үшін «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндері бойынша оқу бағдарламалары жаңартылды. Олар цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектіге, сондай-ақ информатика мен жасанды интеллектіге қатысты бағыттарды қамтиды. Оқу бағдарламаларында жасанды интеллектіні зерделеуге 43 сағатқа дейін уақыт қарастырылған. Олар жасанды интеллект технологияларын игеру, оларды білім беру процесінде тиімді қолдану, сондай-ақ жасанды интеллектіні пайдалану кезінде этикалық нормаларды сақтау мәселелерін қамтиды», деді министр.
Жалпы ауыл мектептері үшін 19-дан астам әдістемелік ұсынымдар әзірленді. 240 мыңға жуық педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Алдағы уақытта елімізде 2,6 мың мектепте ЖИ технологиялары кезең-кезеңмен енгізіледі.
«1 қыркүйектен бастап Павлодар мен Қызылорда облыстарындағы 10 шағын мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып білімді жақсарту үшін серпінді жоба іске қосылады», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Жалпы, серпінді жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Жоба 2029 жылға дейін барлық 2 600 шағын жинақты мектепке кеңейтіледі.
Мазмұнға өту
