Сурет: Egemen Qazaqstan
Батыс Қазақстан облысында бесінші халықаралық «AGROFEST – 2026» фестивалі басталды. Бұл шара агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді талқылап, озық технологиялар мен инновациялық шешімдерді көрсетуге арналған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ауқымды іс-шара агробизнес өкілдерін, ғалымдарды, мемлекеттік органдардың мамандарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен технологияларын өндірушілерді бір алаңға жиды.
Биылғы фестивальге Қазақстаннан және шетелдерден келген ауыл шаруашылығы техникасын, тұқым, өсімдіктерді қорғау құралдары мен жабдықтарын шығаратын 150-ден астам жетекші компания қатысуда. Қатысушылар заманауи техникалар мен технологияларды таныстырып, саланың соңғы жетістіктерін көпшілікке ұсынуда.
«Батыс Қазақстан облысы ірі қара мал саны бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Биыл бірқатар шаруашылықтар күздік бидайдан гектарына 100 центнерден астам өнім алып отыр. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі», деді вице-министр.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова «AGROFEST» ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға ықпал ететін тиімді диалог алаңына айналғанын атап өтті.
Фестиваль аясында екі күн бойы қатысушылар ауыл шаруашылығы саласындағы ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерімен таныса алады. Ветеринария, өсімдіктерді қорғау, селекция және заманауи агротехнологиялар саласының жетекші сарапшылары үздік тәжірибелерімен бөлісіп, аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстарын ұсынады.
Мазмұнға өту
