Сурет: Egemen Qazaqstan
Білім гранттарын тағайындау конкурсына 127 мыңға жуық талапкер өтініш берді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 14 мыңға артық, өйткені 2023 жылы 113 мың өтініш қабылданған еді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Биыл бакалавриатқа 75 мыңнан астам грант бөлінді. Оның 60 пайызы инженерлік мамандықтарға, 20 пайызы педагогикалық бағытқа, қалған 20 пайызы еңбек нарығының қажеттілігіне қарай басқа салаларға берілді.
Талапкерлердің таңдауы бірнеше жыл бойы өзгермей келеді. Көпшілік «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Педагогикалық ғылымдар» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттарына өтініш берген. Қабылдау науқанының нәтижесінде аудармашы, дипломат, заңгер, психолог және мұғалім мамандықтары бойынша бір грантқа үлкен конкурс күтіледі.
Гранттарды тағайындау туралы шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен белсенділер кіреді.
Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.
Мазмұнға өту
