Сурет: kp.ru
Биыл наурызда «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заң күшіне енді. Құжатта онлайн арқылы есірткі айналымына тартылған азаматтарға қылмыстық жаза қарастырылған. Содан бері 108 дроппер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазір есірткі саудасы көшеден виртуалды әлемге толықтай дерлік ауысқан. Бұл құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатып отыр. Киберқылмыскерлер тікелей байланыстан бас тартып, заманауи технологиялар мен психологиялық айла-тәсілдерді қолданады. Әлеуметтік желілерде «Жеңіл әрі қауіпсіз табыс» деген жарнамалар тарап, жасөспірімдерді есірткі таратуға тартады.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жартыжылдықта қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, 500-ден астам азамат заңсыз әрекетке тартылған. Дропперлердің банктік шоттары арқылы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операциялар жүргізілген.
Соңғы екі айда мыңнан аса дроп-карта бұғатталған. ҚМА Батыс Қазақстан облыстық департаменті халықаралық «дроповодтар» желісінің қызметін тоқтатты. Бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге өткізілген. Ұйымдасқан топ мүшелері 18 жастағы шот иесін күштеп ұстап, қорқытып, банктік шоттарға қолжетімділікті қалпына келтіруге мәжбүрлеген.
Жетісу облысында да осындай схема тіркелген. Әлеуметтік желідегі жұмыс хабарландыруына сенген тұрғын интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өз шотына қабылдап, криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушыларға аударып, комиссия алған.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Қуандық Әлжановтың айтуынша, жыл басынан бері 177 мың шетелдік төлем картасы бұғатталған. Сондай-ақ 26 мың криптоәмиян Қаржылық мониторинг агенттігіне тексеруге жіберілген.
Қылмыскерлер барлық мессенджер мен электрондық төлем жүйелерін пайдаланады. Бұл бағытта ІІМ ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар жүйелі жұмыс атқарып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы киберқадағалау қызметі есірткіге қатысты сайттарды бұғаттаса, Ұлттық банк жанындағы Антифрод орталығы көлеңкелі қаржылық операцияларды анықтап, жолын кесумен айналысады. Ғаламторда жасалған бірде-бір қылмыс із-түзсіз жоғалып кетпейді. Міндетті түрде электрондық ізі қалады. Құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топтардың 9 ұйымдастырушысы мен 29 белсенді қатысушысын ұстады. Есірткі қылмысына қарсы күрес аясында 15 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс «Киберқадағалау» жүйесіне бұғаттау үшін жолданды. Ұлттық банкпен бірлесіп 135 млн теңге көлеміндегі күмәнді транзакциялар тоқтатылды, – деді ол.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, синтетикалық есірткіге сұраныс жоғары. Қуандық Әлжановтың сөзіне қарағанда, 580 кило синтетикалық есірткі тәркіленген. Олардың өндірісі ауылдық жерлерге ауысып, жойылған 15 зертхананың 70%-ы шалғай ауылдарда орналасқан.
Жыл ішінде 1 885 есірткі қылмысының жолы кесілді. Оның ішінде бір трансұлттық топты қоса алғанда, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылды.
Халықаралық ынтымақтастық трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күрестегі негізгі бағыттың бірі болып қала береді. Биыл мамырда ІІМ Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп, алғаш рет отандастарымызды заңсыз әрекеттерге тартумен айналысқан ірі call-орталықтың қызметін тоқтатты. Киевте 11 күдікті ұсталып, олардан арнайы жабдықтар мен ірі көлемдегі ақша тәркіленді, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов.
Соңғы бір айда елімізде профилактикалық, ақпараттық-түсіндіру, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Алғаш рет есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі республикалық және өңірлік кеңестер өкілдерінің форумы өтті. БАҚ пен әлеуметтік желілерде 2,5 мыңға жуық материал жарияланды. Алдағы үш жылға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатыр.
Мазмұнға өту
