Сурет: Kyodo
Жапонияның Кэсэннума қаласында 2011 жылғы жер сілкінісі мен цунами салдарынан өртеніп кеткен аспалы жолдың орнына салынған тау монорельсі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Монорельс табиғи апаттан және «Фукусима-1» атом электр станциясындағы апаттан кейін 15 жылдан астам уақыт өткен соң ашылды. Кэсэннума қаласына қарасты Осима аралындағы жаңа монорельс биіктігі 235 метр болатын Камэяма тауының орта тұсын оның шыңымен байланыстырады. Тау басында бақылау алаңы, жаяу серуендеу жолдары мен кафе орналасқан.
Монорельс жексенбі күнінен бастап жолаушыларға қызмет көрсете бастайды. Бұрынғы аспалы жол қолайсыз ауа райында жұмыс істей алмайтын болса, жаңа көлік құралы жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Кэсэннума қаласының мэрі Сигэру Сугавара жаңа нысан өңірге туристерді көбірек тартуға ықпал етеді деген үміт білдірді.
Сынақ сапарына қатысқан келушілер теңіздегі устрица фермалары мен қала көрінісін тамашалады. Бір бағыттағы жол шамамен 6–7 минутқа созылады. Монорельс жыл сайынғы Жаңа жыл мерекесі кезеңін қоспағанда, күн сайын жұмыс істейді. Орта мектеп оқушылары мен ересектер үшін екі бағытқа билет құны — 1200 иен (шамамен 7,4 доллар), бастауыш сынып оқушыларына — 600 иен. Мектепке дейінгі жастағы балаларға жолақысы — тегін.
Мазмұнға өту
