Сурет: Report
Жапония үкіметі энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жоспарын қабылдамақ. Құжатта Таяу Шығыстан мұнайды Ормуз бұғазын айналып өтіп тасымалдауға мүмкіндік беретін балама құбырлар салуға қолдау көрсету қарастырылған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
NHK телеарнасының хабарлауынша, жоспарды 26 тамызда үкімет отырысында ресми бекіту жоспарланған. Құжат сондай-ақ мұнай-химия өнеркәсібі үшін маңызды шикізат — нафта өндіруге қажетті мұнай қорын қалыптастыруды көздейді. Оның жеткізіліміндегі үзілістер жапон бизнесін алаңдатып отыр.
Nikkei деректеріне сәйкес, жоспарды үкімет отырысында Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити таныстырады. Балама құбырлар салу жұмыстарын жүргізіп жатқан елдердің қатарында Сауд Арабиясы да бар. Жапония мұндай бастамаларды қолдауды жоспарлап отыр.
Бағдарлама аясында мұнайды балама бағыттар арқылы сатып алатын мұнай өңдеу зауыттары мен басқа да компаниялардың шығындарын субсидиялау жоспарланған. Сонымен қатар мұндай жеткізілімдер үшін сақтандыру тетіктерін қарастыру көзделеді.
Тиісті заң жобасын күзде парламенттің кезектен тыс сессиясында ұсыну жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары Жапония мұнай импортының 90%-дан астамын Таяу Шығыс елдерінен алған. Бұл жеткізілімдердің едәуір бөлігі Ормуз бұғазы арқылы өтеді.
Айта кетейік, Ормуз бұғазында сұйытылған газ тасымалдаған танкерге шабуыл жасалды.
Бұған дейін Иран Ормуз бұғазын ашу үшін АҚШ-қа жаңа талаптар қойды. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп жақын арада Ормуз бұғазын Американың аумағы деп жариялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
