Сурет: Павлодар облыстық ТЖД
Ертіс өзенінде 12 қыркүйекте бес адам отырған қайық аударылып, төрт жолаушы судан аман шықты. Бесінші адам әлі табылған жоқ, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға Павлодар облысындағы Жанауыл ауылының түбінде болған. Ертісте толқын көтеріліп, қайық суға батқан. Төрт жолаушы жағаға жүзіп жеткен. 1983 жылы туған ер адам судан шыға алмаған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, хабарлама сол күні 112 пультіне түскен.
Алғашқыда іздеуге алты құтқарушы, үш жүзу құралы және екі эхолот жұмылдырылған. Алғашқы екі күнде мамандар өзеннің шамамен 35 шақырымын тексеріп, 11 рет суға түсіп, акваторияның шамамен 5 мың шаршы метр аумағын зерттеген.
Кейін іздеу тобына жергілікті тұрғындар қосылды. PavlodarNews жазғандай, ТЖД-ның бес қызметкеріне алты ерікті қосылған. Олар бес эхолот пен бірнеше қайықты пайдаланған. Үшінші күнге қарай сүңгуірлер 18 рет нысаналы суға түсіп, құтқарушылар жағалаудың 35 шақырымын да тексерген.
16 қыркүйектегі жағдай бойынша ер адамды табу мүмкін болмады. Оның әпкесі балықшыларға, қайық иелеріне және Ертіс маңында болған барша азаматтарға үндеу жасады.
«Егер бір нәрсе көрсеңіздер немесе қандай да бір ақпарат білсеңіздер, бізбен байланысыңыздар немесе Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарлаңыздар», деп өтініш білдірді ол.
Туыстары қайықтың аударылған сәтін көруі мүмкін болған куәгерлерді де іздеп жатыр. Іздеу жұмыстарына көмектесетін кез келген ақпаратты отбасы мүшелеріне немесе Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне хабарлау сұралады.
Айта кетейік, Атырауда Жайық өзенінде моторлы қайықтар соқтығысты. Салдарынан екі адам зардап шегіп, түрлі дене жарақатын алды.
