Қаржы

Жаңа Салық кодексі: азаматтарға салық жүктемесін азайтатын тетік талқыланды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық Кодексін енгізу жобалық кеңсесінің 20-шы отырысы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Отырыстың негізгі тақырыбы – жеке табыс салығы бойынша базалық және әлеуметтік салық шегерімдерін қолданудың практикалық мәселелері. Жаңа Салық кодексінің басты жаңалығы – салық шегерімдері жүйесін жетілдіру және азаматтарға салық жүктемесін азайту. Ай сайын 30 АЕК мөлшерінде, бірақ жылына 360 АЕК-тен аспайтын базалық салық шегерімі енгізілді. Ол жеке тұлғаның салық салынатын кірісін азайтады, демек, төленетін ЖТС сомасын кемітеді. Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және МӘМС жарналары бойынша шегерімдер сақталды.

Отырыста қызметкердің табысы шегерім сомасынан төмен болған жағдайда базалық салық шегерімін қолдану мәселесі қаралды. Бұрынғы Салық кодексі салық шегерімдерінің асып кетуін келесі айларға ауыстыруға мүмкіндік берсе, жаңа редакцияда мұндай норма жоқ.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері базалық шегерімнің пайдаланылмаған бөлігін ауыстырудың бұрынғы тетігін сақтауды ұсынды. Ал мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жаңа норманың идеологиясы – азаматтарды, әсіресе табысы төмен қызметкерлерді ай сайын қолдау үшін базалық салық шегерімін беру екенін түсіндірді. Сондықтан базалық салық шегерімі әрбір күнтізбелік ай үшін жеке қолданылады және пайдаланылмаған соманы кейінгі салық кезеңдеріне ауыстыру көзделмейді.

Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті келесі күнтізбелік кезеңдерге базалық салық шегерімінің асып кетуіне жол берілмейтінін растайтын ресми түсініктемелер дайындайды деп шешілді.

Көп оқылғандар