Сурет: istockphoto.com
Бүгіннен бастап республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Жаңартылған негізгі заңда теңгенің Қазақстан Республикасының дербес ұлттық валютасы екені және оны айналымға шығару құқығы тек мемлекетке тиесілі екендігі конституциялық деңгейде бекітілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл норма теңгенің ұлттық валюта, төлем және жинақтау құралы ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындайды. Сонымен қатар ұлттық валютаны эмиссиялау құқығының тек мемлекетке тиесілі екеніне кепілдік береді.
Ұлттық банк бұл шешімнің стратегиялық әрі институционалдық маңызы жоғары екенін атап өтті. Ұлттық валютаның конституциялық мәртебеге ие болуы ұзақмерзімді ақша-кредит саясатын жүргізудің құқықтық негізін күшейтіп, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сондай-ақ бұл өзгерістер азаматтардың, бизнестің және халықаралық серіктестердің ұлттық ақша жүйесіне деген сенімін арттырып, елдің орнықты экономикалық дамуы мен макроэкономикалық тұрақтылығына берік негіз қалайды.
Жаңа Конституцияға сәйкес Ұлттық банк инфляцияны төмендету және Қазақстанның қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған ақша-кредит саясатын жалғастыратынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, жаңа Конституция 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Мұнда 77 бап жаңарып, 4 бөлімнің атауы өзгерді.
Бүгіннен бастап елімізде Жаңа Конституция күшіне енді. Соған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады.

