Сурет: Air Astana
Air Astana әуе компаниясының Алматы – Лондон бағытындағы KC663 рейсі Лондондағы Хитроу әуежайының жабылуына байланысты Германияның Франкфурт әуежайына қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, Airbus A321 ұшағында 138 жолаушы болған.
«Өкінішке қарай, Лондонның Хитроу әуежайы бүгінгі түннің соңына дейін жабық болады. Осыған байланысты Air Astana рейстің әрі қарайғы ұшуын тоқтатуға мәжбүр. KC663 рейсінің ұшуы алдын ала келесі күні сағат 09:25-ке (UTC), яғни Астана уақытымен 14:25-ке ауыстырылды», делінген әуе компаниясының хабарламасында.
67 жолаушыда жарамды Шенген визасы жоқ. Осыған байланысты олар Франкфурт әуежайының транзиттік аймағынан шыға алмайды.
«Әуежайдағы барлық жолаушыға күту кезінде тамақ пен салқын сусындар алуға арналған ваучерлер берілді. Жерүсті қызметтері мен әуе компаниясының әуежайдағы өкілдері қалаға шығуға құқығы бар жолаушыларды қонақүйге орналастыру, сондай-ақ тамақ, сусын және қажетті қолдау көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», деп хабарлады Air Astana.
Айта кетейік, Лондондағы Хитроу әуежайының жұмысы әуе қозғалысын басқарумен айналысатын NATS компаниясында болған техникалық ақауға байланысты тоқтады. Соның салдарынан Ұлыбританияға және одан ұшатын жүздеген рейс тоқтатылды. Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, техникалық мамандар жүйелерді қалпына келтіріп, ақаудың себебін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Астанадан Дубайға ұшып шыққан ұшағын кері қайтарған еді.
