Әлем

Ыстанбұлда 26 жастағы қазақстандық қыз қаза тапты

Сурет: hurriyet.com

Ыстанбұлдың Шишли ауданында 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханованың мәйіті табылды. Қайғылы оқиға 25 қазанда болған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Түркия полициясы істі тергеп, екі адамды ұстады. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста болып, консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Оқиғаның мән-жайын Түркияның құзырлы органдары анықтап жатыр.

Түрік БАҚ-тарының мәліметінше, Айсұлу 6-қабаттағы пәтердің балконынан көрші ғимараттың шатырына өткен. Шатырдың ортасына қарай жүргенде, астындағы жабын опырылып, қыз ғимараттар арасындағы кеңістікке құлаған. Дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады.

Hürriyet басылымының хабарлауынша, оқиға алдында Айсұлудың 22 жастағы көршісі Дарья Б. оны шатырдың шетінде отырған кезде суретке түсірген. Таңғы сағат 08:15 шамасында ол қызға қауіпті екенін ескерткен. Алайда Айсұлу шатырда біраз отырғысы келетінін айтып, көршісіне ұйықтай беруін өтінген.

Кейін Дарья қатты музыкадан оянып, Айсұлудың пәтерде жоқ екенін байқаған. Шатырдың бүлінген бөлігін көріп, төменде жатқан қызды тапқан.

Түркияның DHA агенттігінің мәліметінше, тергеу аясында Дарья Б. және Айсұлудың жақын танысы 35 жастағы Мажар Т. ұсталған. Алдын ала дерек бойынша қыздар 24 қазанда бірге серуендеген. Келесі күні таңертең Айсұлу ер адаммен кездесуге барып, сағат 07:40 шамасында үйіне оралған.

Ұсталғандардың оқиғаға қатысы бар-жоғы әзірге нақтыланбаған. Мәйіт сот-медициналық сараптама жүргізу үшін тиісті институтқа жіберілді.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореяда құрылыста жүрген Қазақстан азаматы қаза тапты.

Көп оқылғандар