Сурет: The Moscow Times
Украина дрондары 22 шілдеге қараған түні Ресейдің Краснодар және Ставрополь өлкелеріндегі Wildberries компаниясының екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Салдарынан адамдар зардап шегіп, қызметкерлер шұғыл эвакуацияланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шабуыл салдарынан отандық кәсіпкерлердің нақты қанша шығынға батқаны әзірге анықталмағанын мәлімдеді. Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте министр жағдайдың күн сайын өзгеріп жатқанын айтып, қазіргі уақытта нақты мәліметтің жоқ екенін жеткізді.
Оның айтуынша, әзірге шығын көлемі туралы нақты ақпаратты мемлекеттік органдарда да, Wildberries платформасының өзінде де жоқ. Арман Шаққалиев әлеуметтік желілерде тарап жатқан шығын көлеміне қатысты мәліметтерге сақтықпен қарауға шақырды. Оның сөзінше, мұндай ауқымды оқиғалар жан-жақты тексеріліп, ресми есеп жүргізілгеннен кейін ғана нақты қорытынды жасауға болады.
Министрдің айтуынша, Қазақстан билігі Wildberries маркетплейсіне ресми сауал жолдап, елдегі қанша кәсіпкердің осы платформа арқылы сауда жасайтыны және олардың арасында зардап шеккендердің бар-жоғы туралы ақпарат сұратқан. Сондай-ақ ол Қазақстанның электронды коммерция сатушылары қауымдастығы жариялаған 1,5 млрд теңге көлеміндегі алдын ала шығын әзірге шартты есеп екенін атап өтті. Бұл соманы әзірге растауға да, жоққа шығаруға да ресми негіз жоқ.
Айта кетейік, шілде айының соңынан бері Ресей аумағындағы Wildberries қоймаларына бірнеше рет дрондармен шабуыл жасалды. Осыған байланысты Қазақстан тарапы оқиғаның отандық кәсіпкерлерге ықпалын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мазмұнға өту
