Әлем

Вена музейінен 4 млн долларлық алқа ұрланды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Венадағы қолданбалы өнер музейінде өтіп жатқан Van Cleef & Arpels көрмесінен құны 4 миллион доллардан асатын алқа ұрланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, екі күдікті күндіз шыны витринаны сындырып, платинадан жасалған, 600-ден астам гауһар таспен безендірілген алқаны алып кеткен. Бұл зергерлік бұйым бұрынғы Мысыр корольдік әулетіне арналып жасалған және қыркүйек айына дейін жалғасатын көрмеге қойылған еді.

Вена полициясы бейнебақылау камераларына түсіп қалған екі күдіктінің суретін жариялады. Полиция мәлімдемесінде қылмыскерлердің бірінде атыс қаруы болуы мүмкін екені айтылған. Алқаны иемденгеннен кейін ұрылар музейден шығып, оңтүстікке қарай орналасқан Вена қалалық саябағы бағытында бой тасалаған.

Музейдің бас директоры Лилли Холлейн аса құнды зергерлік бұйымның ұрлануы қызметкерлерді қатты дүр сілкіндіргенін айтты. Оның мәлімдеуінше, музей осы көрме үшін Van Cleef & Arpels компаниясымен бірлесіп арнайы қауіпсіздік жоспарын әзірлеген.

Айта кетейік, былтыр Париждегі әйгілі Лувр музейінде ерекше құндылығы бар тарихи әшекей бұйымдар ұрланған болатын.

Көп оқылғандар