Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда жұмыс беруші қызметкерден еңбек тәртібін сақтауды талап ете алады, бірақ кешігу немесе басқа да тәртіп бұзушылықтар үшін ақшалай айыппұл салуға құқығы жоқ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерге жұмыс беруші тек заңда көзделген жазаларды қолдана алады. Заңда көрсетілмеген өзге тәртіптік жазаларға жол берілмейді. Мысалы, қызметкер жұмысқа 20 минут кешіксе, оған 10 мың теңге айыппұл салып, жалақысынан ұстап қалуға болмайды.
Жаза тағайындамас бұрын жұмыс беруші қызметкерден жазбаша түсініктеме алуға міндетті және теріс қылықтың сипаты мен ауырлығын, оны жасауға себеп болған жағдайларды ескеруі қажет.
Министрлік заңсыз айыппұл мен жалақыдан заңды ұстап қалуды ажырата білу керектігін еске салды. Еңбек кодексінің 115-бабында жалақыдан ұстап қалуға болатын негіздер көрсетілген, ал заңда көзделмеген өзге жағдайларда ұсталым тек қызметкердің жазбаша келісімімен жүргізіледі.
Мазмұнға өту
