Сурет: Жайық Пресс
Оралда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің әскери оркестрі қала тұрғындары мен қонақтарына музыкалық көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Демалыс күндері әскери музыканттар ашық қалалық алаңдарда өнер көрсетіп, тыңдармандарға түрлі бағдарлама ұсынды. Оркестр орындауында танымал эстрадалық шығармалар, әскери-патриоттық туындылар және халық әндері шырқалды.
Қала тұрғындары әскери музыканттардың өнерін қызығушылықпен қарсы алды. Көптеген көрермен таныс әуендерді қосыла шырқады, ал әр шығарманың соңы жылы қошеметпен аяқталды.
Мұндай кездесулер Ұлттық ұланның халықпен өзара іс-қимылды нығайту және әскери қызметті насихаттау жұмысының бір бағыты болып табылады. Музыка арқылы әскери музыканттар қоғамды әскери мәдениет дәстүрлерімен таныстырып, әскери қызметшілердің шығармашылық әлеуетін көрсетеді.
Концерттік бағдарламада отандық композиторлардың туындылары мен ұлттық музыка ерекше орын алады. Сонымен қатар заманауи репертуар әртүрлі буын өкілдері үшін өнер көрсетулерді қызықты етуге мүмкіндік береді.
Әскери оркестр Оралдағы саябақтарда, қоғамдық кеңістіктерде және басқа да алаңдарда концерттік бағдарламаларын жалғастыруды жоспарлап отыр.
