Сурет: Egemen Qazaqstan
Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында айналымнан 57 жалған ақша белгісін алып тастады. Олардың жалпы құны 259 400 теңгені құрады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Анықталған жалған ақшалардың 49-ы банкнот, 8-і тиын болып шықты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,4 пайызға аз. Жалған ақшалардың көпшілігі – 2 000 теңгелік банкноттар, олардың саны 22-ге жетіп, жалған ақшаның 38,6 пайызын құрады. Сондай-ақ 10 000 теңгелік 16 және 5 000 теңгелік 11 жалған банкнот анықталған. Қалған бөлігі тиындарға тиесілі.
Ұлттық банк әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шынайы банкноттарға ұқсас полиграфиялық өнімдердің сатылу фактісіне назар аударды. Мұндай өнімдерде «БІРГЕ ТОЙЛАЙМЫЗ!» немесе «ТӨЛЕМ ҚҰРАЛЫ БОЛЫП ТАБЫЛМАЙДЫ» деген жазулар болады. Дегенмен, олардың сыртқы түрі ұлттық валютаны еске салатындықтан, тұрғындарды сақ болуға шақырады.
Мамандар қолма-қол ақшаны қабылдау кезінде оның қорғаныш белгілерін тексеруге кеңес береді. Түпнұсқа банкноттарда сутаңба, қорғаныш жібі, голографиялық элементтер мен арнайы микромәтіндер болады. Жалған купюраларда бұл белгілер мүлде болмайды немесе сапасыз орындалады.
Ұлттық банк жалған ақша айналымының алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Күмәнді банкнот анықталса, оны пайдалануға тырыспай, бірден құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.
Мазмұнға өту
