Әлем

Үндістандағы су тасқынынан 50 адам қаза тауып, 700 мың адам баспанасыз қалды

Сурет: БелТА

Үндістанның солтүстік-шығысындағы Ассам штатында болған су тасқыны салдарынан кемінде 50 адам қаза тауып, 700 мың адам баспанасыз қалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бірнеше күнге созылған муссондық нөсер жауыннан кейін Брахмапутра өзені арнасынан асып, салдарынан 900-ге жуық ауылды су басты. Су тасқыны көптеген тұрғын үйді шайып кетіп, 7 мыңнан астам үй электр жарығынсыз қалды.

Аймақта құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккендердің 300 мыңға жуығы мемлекеттік уақытша орналастыру лагерьлеріне жайғастырылды. Оларға азық-түлік пен алғашқы қажеттілік заттары жеткізіліп, кейбір жүктер тікұшақтар арқылы тасымалданды.

Су тасқыны екі миллионға жуық халқы бар Ассам штатының астанасы Гувахати қаласына да әсер етті. Жолдарды су басып, бірнеше сағат бойы көлік қозғалысы тоқтап қалды.

Сарапшылардың айтуынша, адам әрекетінен туындаған климаттың өзгеруі Оңтүстік Азиядағы муссондардың қарқындылығын күшейтіп отыр. Әдетте муссон маусымы маусымнан қыркүйекке дейін және қазаннан желтоқсанға дейін созылады. Алайда соңғы жылдары жауын-шашынның сипаты өзгеріп, тұрақты жаңбырдың орнына қысқа уақыт ішінде мол жауын әкелетін нөсерлер жиілеп, кейін ұзақ құрғақшылық кезеңдері байқалады.

Үндістанның метеорология департаменті алдағы күндері елдің бірқатар өңірінде найзағай, күн күркіреуі және қатты жаңбыр күтілетініне байланысты ескерту жариялады. Өңірдегі көптеген өзендердегі су деңгейі қауіпті межеден асып кеткен.

Көп оқылғандар