Сурет: ашық дереккөзден
Астанада Digital Bridge халықаралық форумында Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық және жасанды интеллект спорты федерациясы таныстырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Федерацияның алғашқы шараларының бірі AI TABLE TENNIS TOURNAMENT виртуалды үстел теннисі турнирі болды. Қатысушылар смартфон немесе планшет камерасының алдында жаттығулар жасады. Жасанды интеллект компьютерлік көру технологиясы арқылы қимылдарды танып, нәтижелерді автоматты түрде тіркеді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар, медальдар мен грамоталар берілді.
Федерация президенті әрі AI SPORT негізін қалаушы Ғабит Салтыбаевтың айтуынша, смартфондар мен планшеттерді пайдалану цифрлық жарыстарды іс жүзінде кез келген жерде өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл технология балалар мен ересектерді дене белсенділігіне тартуға мүмкіндік береді.
Digital Bridge көрермендері де технологияны сынап көрді. Олар қолды бүгіп-жазу, отырып-тұру және басқа да дене жаттығуларын орындады.
Алдағы уақытта федерация спорт және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, спорттың әртүрлі түрлері бойынша онлайн турнирлер өткізуді жоспарлап отыр.
