Қаржы

Үкімет, Ұлттық Банк және қаржы реттеушісі экономиканы дамыту мәселесін талқылады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Экономиканың өсуі, кредиттік нарықтың дамуы, бизнесті қолдау және экономиканың нақты секторын ынталандыру мәселелері Үкімет, Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сарапшылар қоғамдастығы өкілдерінің бірлескен талқылауына арқау болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының алға қойған міндеті – орнықты экономикалық өсуді және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету – экономикалық блоктың жұмысына негізгі бағдар болып отыр. Осы мақсатты басшылыққа ала отырып, кездесуге қатысушылар ағымдағы макроэкономикалық жағдайды, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Қазақстанның экономикалық белсенділігінің алдын ала қорытындыларын қарастырып, макроэкономикалық саясаттың одан арғы басымдықтарын талқылады.

Сараптамалық кездесу Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының алаңында өтті. Талқылауға Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов, Экономикалық зерттеулер институты төрағасының орынбасары Дастан Әкебаев және институт сарапшылары қатысты.

Экономикалық зерттеулер институтының ішкі сұраныс динамикасына, несиелендіруді дамытуға және салалық белсенділікке арналған талдамалық баяндамасы талқылауға негіз болды.

Көп оқылғандар