Сурет: ЖИ
Қазақстанда цифрлық теңгені енгізудің нормативтік-құқықтық базасы бекітіліп, оны одан әрі дамыту жоспары әзірленді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Асет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Вице-министрдің айтуынша, цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол емес ақша түрлерімен қатар Қазақстандағы үшінші ұлттық валюта ретінде ресми түрде танылды.
«Бүгінде еліміз үшін маңызды жобалардың бірі – цифрлық теңге. Бұл туралы Мемлекет басшысы да атап өткен болатын. Қажетті нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету жұмыстары толық бекітілді. Ресми түрде цифрлық теңге Қазақстандағы үшінші ұлттық валюта болып саналады», деді Асет Тұрысов мемлекеттік қаржыны цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған брифинг барысында.
Вице-министрдің мәліметінше, өткен жылы Ұлттық банкпен бірлесіп цифрлық теңгені пайдалану бойынша шамамен 20 пилоттық жоба іске қосылған. Олардың нәтижесі оң бағаланып отыр.
Осыған байланысты Ұлттық банк пен Үкімет цифрлық теңгені кең ауқымда енгізудің жоспарын бекітті. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезекте цифрлық теңге бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған жобаларда және Үкімет айқындаған бастамаларда қолданылатын болады.

