Сурет: Egemen Qazaqstan
2026 жылғы 10 мамырда басталған негізгі ҰБТ кезінде талапкерлер тестілеуді 236 мыңға жуық рет тапсырды. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, қатысушылардың 72 пайызы емтиханды қазақ тілінде, 28 пайызы орыс тілінде, ал 408 талапкер ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тестілеудің бес апталық қорытындысы бойынша талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа нәтиже 64 балды құрады. Ең жоғары көрсеткішке Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жетіп, 140 балл жинады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге де қажетті жағдайлар жасалған. Биыл ҰБТ-ға осындай санаттағы 668 талапкер қатысты.
Талапкерлер тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде тапсырмалардың мазмұнына қатысты апелляция бере алады. Ал техникалық мәселелер бойынша өтініштер тестілеу барысында қабылданады. Сертификаттар апелляция рәсімі аяқталған соң жеке кабинеттерде жарияланады.
Бес апта ішінде ҰБТ өткізу барысында 474 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 298 талапкер смартфон, смарт-көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеді.
Сондай-ақ 176 адам тест тапсыру кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жарамсыз деп танылды. Басқа адамның орнына кіру фактілері анықталмаған.
Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға қосымша талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да заңбұзушылықтар анықталса, талапкерлердің нәтижелері күшін жояды.
Айта кетейік, биыл тестілеуге қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.

