Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанадағы Түркия Елшілігінде 15 шілде – Демократия және ұлттық бірлік күніне арналған еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекеттік органдар, дипломатиялық миссиялар, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері және БАҚ қызметкерлері қатысты.
Екі елдің әнұраны орындалған соң, 2016 жылғы төңкеріс әрекеті кезінде қаза болған шейіттерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ Түркия Президенті Әкімшілігі Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуранның бейнеүндеуі көрсетілді.
Жиналғандарға түрік халқының 2016 жылы 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні танкілер мен бронетехниканың астына өздерін тастап, төңкерісшілерге қарсы тұрған ерлігі туралы деректі видео көрсетілді.
Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу FETÖ террористік ұйымына қарсы күрестің халықаралық маңызына тоқталды. Ол көптеген мемлекет пен халықаралық ұйымдардың FETÖ-ні террористік ұйым ретінде танығанын атап өтті.
«Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Азия парламенттік ассамблеясының FETÖ-ні террористік ұйым деп тануы айрықша маңызды. Көптеген дос әрі бауырлас мемлекеттердің бұл құрылымға қарсы қабылдап жатқан батыл шараларын жоғары бағалаймыз. Мұндай қадамдар FETÖ-мен жаһандық деңгейдегі күресімізге аса құнды қолдау көрсетеді», деді Мұстафа Калуджу.
Рәсімде шейіттердің рухына Құран сүрелері оқылып, дұға бағышталды. Іс-шара соңында қатысушылар «15 шілде» көрмесін тамашалады.
2016 жылғы 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні FETÖ ұйымына кірген әскери қызметшілер билікті күшпен басып алуға тырысты. Төңкеріс әрекетіне 8 мыңнан астам әскери қатысып, 35 ұшақ, 37 тікұшақ, 74 танк, 246 бронды көлік, 4 мыңға жуық атыс қаруы және 3 кеме пайдаланылды. Халықтың қарсылығының арқасында төңкеріс жүзеге аспады. Президент Режеп Тайип Ердоғанның үндеуінен кейін адамдар алаңдар мен көшелерге шығып, бүлікшілерге қарсы тұрды.
Екі күнге созылған қақтығыста 253 адам қаза тауып, 2 мыңнан астам адам жараланды. Кейін 15 шілде Демократия және ұлттық бірлік күні болып бекітілді. Биыл Анкара мен Ыстанбұлда кең ауқымды шаралар өтті. Анкарадағы Ұлттық саябақта Президент Ердоғанның қатысуымен өткен рәсімге 20 мыңға жуық адам қатысты.
«15 шілде – мемлекеттік төңкеріс әрекетінің жолы кесілген түн ғана емес. Бұл – халқымыздың өз еркін, демократиясы мен тәуелсіздігін жанын пида ете отырып қорғаған, тарихқа алтын әріппен жазылған демократияның ұлы жеңісі», деді Түркия басшысы.
Мазмұнға өту
