Әлем

Түркияда Қазақстан азаматын тапсырыспен өлтіргендер ұсталды

Сурет: istockphoto.com

Ішкі істер министрлігі Ыстанбұлда қаза тапқан Қазақстан азаматы Ариф Исмаиловтың өліміне қатысты тергеу мәліметтерін жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тергеу деректеріне сүйенсек, ол қылмыстық топтың тапсырысымен өлтірілген. Ер адам биыл наурызда қарулы шабуылға ұшырап, ауыр жарақат салдарынан ауруханада көз жұмған. Түркиялық БАҚ мәліметінше, ол жеке логистикалық компанияда қызмет еткен.

Қазақстан, Түркия және басқа елдердің құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде қылмысқа қатысы бар екі адам ұсталды. Тергеу барысында кісі өлтірудің себебі анықталып, қылмысты ұйымдастырған және тапсырыс берген тұлғалардың жеке басы белгілі болды. Олар ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері екені анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланған.

ІІМ мәліметінше, тергеу жұмыстары Қазақстан аумағында өзге де ауыр қылмыстарды ашуға көмектескен.

«Ішкі істер министрлігі Түркия және Грузиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл аясында үш мемлекеттің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның мүшелері ұсталды. Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр», деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Көп оқылғандар