Әлем

Түркияда ФЕТО ісі бойынша 968 адамды ұстауға ордер берілді

Сурет: hurriyetdailynews.com

Түркия прокуратурасы Фетхуллах Гюленнің террористік ұйымымен (ФЕТО) байланысы бар деген күдікпен 968 адамды ұстауға ордер берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Арнайы операциялар елдің 81 провинциясын қамтыды. Күдіктілердің ең көбі Анкара, Ыстанбұл және Измир қалаларында анықталған. Бұл шаралар 2016 жылғы 15 шілдедегі әскери төңкеріс әрекетінің 10 жылдығы қарсаңында жүргізілуде.

Түркияның Әділет министрі Акын Гюрлек ФЕТО-мен күрес табандылықпен жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі арнайы операция — «елді тазарту жөніндегі ауқымды науқанның» бір бөлігі.

Еске салайық, 2016 жылғы 15 шілдеде бір топ әскери қызметкер мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген болатын. Көтеріліс кезінде Анкара мен Ыстанбұлда танктер мен әскери авиация қолданылып, Парламентті қоса алғанда бірқатар мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасалды. Ресми мәлімет бойынша, сол кезде 253 адам қаза тауып, 2,7 мыңнан астам адам жарақат алған.

Төңкеріс әрекетінен кейін Түркия билігі ФЕТО-ға қатысы бар деген күдікке ілінгендерге қарсы кең ауқымды науқан бастады. Соңғы он жыл ішінде ондаған мың адам мемлекеттік қызметтен босатылып немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

15 шілде оқиғасының 10 жылдығына орай Түркия билігі Парламенттің арнайы отырысын және 200-ден астам еске алу іс-шарасын қамтитын жалпыұлттық бағдарлама әзірледі.

Көп оқылғандар