Әлем

Трамп Канада тауарларына қосымша 50% баж салығын енгізді

Сурет: АР Photo

АҚШ президенті Дональд Трамп 19 тамыздан бастап Канададан әкелінетін бірқатар тауарға қосымша 50 пайыздық баж салығын енгізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ақ үйдің мәліметінше, бұл шешім Канаданың америкалық өнімдерге қатысты «кемсітушілік сипаттағы шектеулеріне» жауап ретінде қабылданған.

Президент Дональд Трамп Канада тарапынан АҚШ тауарларына жасалған кемсітушілік салдарынан америкалық саудаға келген шығынның орнын толтыру және автокөлік, алкоголь мен сүт өнімдері секілді маңызды экспорттық тауарлар үшін бәсекелестік жағдайын теңестіру мақсатында қосымша 50 пайыздық баж салығын енгізу туралы үш жарлыққа қол қойды, делінген Ақ үй хабарламасында.

Жаңа тарифтер шамамен 300 тауар түрін қамтиды. Олардың қатарында смартфондар, радарлар, байланыс станциялары, цемент, пластмасса және қаптама өнімдері, тоқыма бұйымдары мен киім-кешек, жиһаз, спорттық жабдықтар, соның ішінде коньки мен хоккей таяқшалары бар. Сондай-ақ канадалық бал, қағаз өнімдері мен өнер туындылары да қосымша баж салығына ілікті.

Бұдан бөлек, Канадада өндірілген алкогольдік және сүт өнімдеріне де жоғары тарифтер енгізілді. Алайда жаңа шектеулер энергия тасымалдаушыларына, калий тыңайтқыштарына, балық өнімдеріне және стратегиялық маңызы бар минералдарға қолданылмайды.

Еске салайық, 13 шілдеде Дональд Трамп Канада билігін орман аумақтарындағы қоқысты тазаламады деп айыптап, соның салдарынан АҚШ ауасының ластанып жатқанын мәлімдеген еді. Ол бұл «салғырттықтың» өтемақысын тарифтерді көтеру арқылы өндіріп алатынын айтқан болатын.

Көп оқылғандар