Әлем

Трамп Иранның тау астындағы ядролық нысанына соққы беруі мүмкін

Сурет: BILD

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі ядролық қару жасау жұмыстарын жасырын жалғастырып жатқан болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, бұл жұмыстар таудың астындағы құпия әрі қатаң күзетілетін кешенде жүргізіліп жатуы ықтимал.

«Біз Кирка тауын спутниктер арқылы мұқият бақылап отырмыз. Бұл – ауқымды соққы жасалуы мүмкін нысандардың бірі. Ол біздің тізімде бар. Жақын арада бұл тауды талқандауымыз мүмкін», деді Трамп.

Кирка тауы Иранның Натанз қаласындағы ядролық нысанның оңтүстігінде орналасқан. Тегеран онда көп жылдан бері атом бағдарламасын жүзеге асырып келеді. 2020 жылы жарылыс пен өрт салдарынан маңызды монтаждау цехы күлге айналғаннан кейін, Иран Кирка тауының астынан жаңа нысан құрылысын бастаған.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) құрылыс жүріп жатқанын растағанымен, инспекторларға бұл кешенді тексеруге әлі рұқсат берілмеген. Сондықтан онда нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқаны белгісіз.

2021 жылы Иранның атом саласының сол кездегі басшысы Әли Акбар Салехи жарылыстан қираған цехтың орнына жаңасы салынғанын және Натанз маңындағы таулардың ішінде қосымша өндірістік нысандардың құрылысы жалғасып жатқанын мәлімдеген еді.

Спутниктік суреттерде бірнеше туннельдің кіреберісі, жаңа жолдар және ауқымды қорғаныс құрылыстары байқалады. Сарапшылардың болжамынша, бұл жерде уранды байытуға арналған центрифугалар өндіріліп немесе құрастырылып жатқан болуы мүмкін. Мұндай жабдық ядролық қару жасау үшін қажет.

АҚШ үшін негізгі мәселе – бұл кешеннің таудың өте терең қабатында орналасуы. Сарапшылардың бағалауынша, оның үстін 80-100 метр қалыңдықтағы жартас жауып тұр. Сондықтан ең қуатты бункерге қарсы бомбалардың өзі бұл нысанды жоя алмауы мүмкін.

Вашингтонның таудың астындағы кешенді толықтай жоюға қауқарлы екені әзірге белгісіз. Дегенмен АҚШ мұндай әрекетке GBU-57 бункерге қарсы аса қуатты бомбасын қолдануы мүмкін. Бұл қаруды B-2 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары тасымалдайды. АҚШ өткен жылы Иранның ядролық нысандарына жасалған «он екі күндік соғыс» кезінде дәл осы қаруды пайдаланған болатын.

Көп оқылғандар