Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша контентті көбейту және мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту жобалары талқыланды.
Рауан Кенжеханұлының айтуынша, OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында 14 миллиард токеннен тұратын қазақша мәтін корпусы жасалып, 12 мың сағат аудиожазба жинақталған. Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 фильмі қазақ тіліне дубляждалып, үлкен экранға шыққан.
Кездесуде Qazaq Tili Endowment қорының жұмысы таныстырылды. Қорға түскен жарна көлемі 824 миллион теңгеге жеткен.
Мемлекет басшысы қоғам қызметіне жоғары баға беріп, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ мемлекеттік тілді үйрету және ғылыми еңбектерді аудару ісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажеттігін атап өтті.
Еске салайық, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Мазмұнға өту
