Сурет: aqorda_resmi
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысу мақсатында Мәскеуге жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президентті әуежайда Ресей Үкіметінің ресми өкілдері қарсы алды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап Egemen.kz хабарлады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы — аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық құрылым. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения мүше. Ұйымның негізгі міндеттеріне мүше елдердің қауіпсіздігін қорғау, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, әскери-саяси ынтымақтастықты дамыту жатады.
11 қарашада Мәскеуде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайту жолдары қаралады.
Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы мен 2030 жылға дейінгі лаңкестікке қарсы іс-қимыл стратегиясын қоса алғанда, бірқатар көпжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.
Айта кетейік, биыл депутаттар ҰҚШҰ келісімдеріне енгізілетін хаттаманы ратификациялаған болатын. Құжат ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында әскери құрамалардың уақытша болу тетіктерін жеңілдетуге бағытталған.
Мазмұнға өту
